ЖАҢА СПОРТ НЫСАНЫНДА – БОЛАШАҚ ЧЕМПИОНДАР ЖАТТЫҒУДА

Кезекті спорт жаңалықтарына берейік.
Кеңгір көлінде жаттығатын жезқазғандық ескекшілер – халықаралық деңгейдегі додаларда талай мәрте топ жарған. Заманауи талаптарға сай салынған қос қабатты ғимарат – аталған спорт түрімен айналысушылардың жан-жақты дайындалуына мол мүмкіндік беруде.
Осы уақытқа дейін өңір спортшылары аталған спорт түрімен тек жаз мезгілінде ғана шұғылданса, жаңа нысанның бой көтеруімен жыл бойы жаттыға алады. Сонымен қатар, қыс мезгілінде ескек есушілердің шаңғы спорты арқылы жалпы дене дайындығын жетілдіруіне де қолайлы жағдайлар жасалған.
«(Бүгінде біздің орталықта 150 ден астам ескекші тұрақты дайындық жүргізуде. Олардың арасында кәсіби деңгейлі спортшылар мен қатар жаңадан келген тәрбиеленушілер де бар. Жуырда ғана 2008-2009 жылы туған жастар арасындағы ел чемпионатында 19 алтын алып, үлкен жетістікке қол жеткіздік. Басты мақсат: Олимпиада жүлдегерін дайындау.)»
— Константин Уткин, «Байдаркада және каноэда есу бойынша МОРБЖМ» КММ директоры
«(Мені бұл спортқа ең алғаш туысқан ағам алып келді. Басында қызығушылықпен басталған спорт, дайындала келе нәтижесін бере бастады. Азия ойындарында жүлде алдым. Мұнымен тоқтап қалмаймыз, алда әлі талай додалар бар!)»
— Малика Тұрсын, Азия чемпионатының жүлдегері
Айта кетейік, бүгінде Ұлытау облысында 9 жаңа спорт кешені пайдалануға беріліп, спорттық инфрақұрылым 25 пайызға жаңартылған. Мұның барлығы өңір спортын дамытуға бағытталған кешенді жоспар аясында жүзеге асырылуда.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


