Жаңалықтар

ЖАҢААРҚАДА 2 МИЛЛИОН ТҮП ҚАРАҒАЙ ЕГІЛДІ

ЖАҢААРҚАДА 2 МИЛЛИОН ТҮП ҚАРАҒАЙ ЕГІЛДІ

Өңірде – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ерекше қарқын алуда. Аталған акция аясында – Жаңаарқада ауданындағы Қараағаш орман шаруашылығына 2 миллион түп қарағай егілді...

Жаңаарқаның жазығына егілген жас көшеттер солтүстік облыстардан сатып алынған. Екі өңірдің климаты ұқсас. Сол себепті егілген ағаштар Арқа топырағына тез бейімделеді - дейді салаға жауапты мамандар. Айта кетейік, Қараағаш орман шаруашылығының аумағын ұлғайту жұмыстары кейінгі 3 жылда кең көлемде жүргізілуде.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауына сәйкес ормандық алқаптарға 2 млрд, елдімекендерге 15 млн ағаш отырғызу бойынша жүргізіліп жатқан кешенді жоспарға сәйкес жұмыстарымыз. Қазіргі күнде орман шаруашылығынан 9 техника, 29 қызметкер және 7 уақытша қызметкер атсалысып жатыр. Бүгінгі күні ағаш отырғызу жұмыстары өз мәресіне жетіп қалды»

— Өмірсерік Жангелді, Қараағаш орман шаруашылығының директоры

Егілген 2 млн қарағай - 350 гектар аумаққа отырғызылды. Бұл мақсатқа республика бюджетінен 120 млн теңге бөлінген. Ал, орман шаруашылығының жалпы аумағы 22 мың гектарға жуықтаған. Оның 6 мың гектары ерекше қорғаудағы аймақ.

«85-87 жылдардан бастап осы қарағай көшеттерін отырғыза бастадық. Қазір міне зәулім-зәулім орман болды. 2024 жылы 300 гектар ектік. Міне биыл да жалғастырып жатырмыз. Орманды келешекте қорғап, осыны малдан, зиянкестерден қорғап балаларға қалдыруымыз керек. Аманат қылып өткізуіміз керек жастарға»

— Бейсетай Әлин, орманшы

Алдағы күзде орман алқабын тағы 400 гектарға ұлғайту жоспарлануда. Жергілікті мамандар орман алқабын ұлғайту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаса беретіндігін айтты.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты