ЖАҢАРУ МЕРЕКЕСІ

Қазақстандағы түрлі этностардың мерекесі ортақ.Жезқазған қаласында Масленица мерекесі ерекше сән-салтанатпен атап өтілді. Мерекелік іс-шараны «Коляда» орыс этномәдени орталығы Жезқазған қаласының әкімдігі мен облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің қолдауымен ұйымдастырды.
Мерекелік іс-шара аясында тұрғындар мен қала қонақтарына концерттік және ойын-сауық бағдарламасы ұсынылды. Ашық алаңда халық әндері шырқалып, би ұжымдары өнер көрсетті. Сонымен қатар ұлттық сипаттағы ойындар ұйымдастырылып, көпшіліктің қызығушылығын арттырған түрлі сайыстар өткізілді. Ұйымдастырушылар жиналған қауымға дәм ұсынып, байқау жеңімпаздарын арнайы сыйлықтармен марапаттады.
«Құрметті жезқазғандықтар, сіздерді Масленица мерекесімен құттықтаймыз! Баршаңызға өсіп-өркендеу, достық пен бірлік тілейміз. Осындай ойындар мен іс-шаралар бізді біріктіріп, тату әрі мықты ете берсін. Бұл Масленица мерекесін «Коляда» орыс этномәдени орталығы алты жылдан бері өткізіп келеді. Жыл сайын жастар мен ересектер осы мерекеде бас қосып, ортақ қуанышқа бөленеді»
— Марина Павлова, «Коляда» орыс этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары
Іс-шараға ұлттық орыс киімін киіп келген тұрғындар мен қонақтар мерекенің көркін аша түсті.Дәстүрлі орамалдар мен әсем киімдер халықтың салт-дәстүріне деген ерекше құрметін көрсетті.
«Барлығы жоғары деңгейде өтті: қызықты сайыстар мен ерекше қойылымдар керемет ұйымдастырылып, дәмді тағамдар ұсынылды. Шара өте көңілді болды, көктемнің келгенін сезгендей әсер қалдырды. Маған бәрі қатты ұнады, жыл сайын бұдан да жақсы өтетініне сенеміз»
— Диана Сташко, қала тұрғыны
«Думан шынымен де өте ұнады. Шара көктемнің келіп, қыс аяқталғандай сезім сыйлады. Масленица – күннің символы, мереке адамдарға қуаныш беріп, бірлікті арттырып, жылы әрі көтеріңкі көңіл-күй тудырды»
— Егор Першин, қала тұрғыны
Масленица ақпанның соңғы аптасы бойы тойланды. 23 ақпаннан бастап православ христиандар Пасхаға дайындықтың маңызды рухани кезеңін бастайды.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


