ЖАРТЫ ҒАСЫР ВЕТЕРИНАРИЯ САЛАСЫНДА

Өмірін ветеринария саласына арнап, жарты ғасыр бойы төрт түліктің саулығы жолында еңбек еткен Қадыр Омаровтың есімі Ұлытау өңіріне жақсы таныс. Саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған ардагер маман ұзақ жылғы адал еңбегі мен кәсіби біліктілігінің арқасында әріптестері мен жұртшылықтың зор құрметіне бөленді.
Қадыр Омаров еңбек жолын 1966 жылы «Ұлытау» кеңшарында механизатор болып бастады. Әскери борышын өтегеннен кейін ветеринария мамандығы бойынша арнайы білім алып, 1973 жылдан бастап осы салада еңбек етті. Әр жылдары аудандық ветеринариялық зертханада ветеринар дәрігер, ветеринариялық-санитариялық жасақтың жетекшісі, аудандық ветеринариялық станцияның терапевт-дәрігері, сондай-ақ «Ұлытау» және «Алғабас» кеңшарларының бас ветеринар дәрігері секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарды.
Кейінгі жылдары Қадыр Омаров жеке шаруа қожалығын басқарып, аудандық диагностикалық орталыққа жетекшілік етті. Сондай-ақ он жылдан астам уақыт Ұлытау, Алғабас және Жангелді ауылдық округтерінде лицензияланған жеке ветеринар дәрігері ретінде қызмет көрсетті.
Қадыр Омаровтың өнегелі өмірі кәсіби жетістіктерімен ғана емес, берекелі отбасымен де ерекшеленеді. Жұбайымен бірге тоғыз бала тәрбиелеп өсіріп, олардың бойына еңбекқорлық, жауапкершілік және туған жерге деген сүйіспеншілік сияқты асыл қасиеттерді сіңірді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


