Жаңалықтар

ЖАС ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

ЖАС ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

Облыс орталығында жас полиция қызметкерлерінің салтанатты ант қабылдау рәсімі өтті. Айтулы шараға облыстық полиция департаментінің басшылығы, ішкі істер органдарының ардагерлері, сондай-ақ жеке құрам қатысып, жас мамандарға сәттілік тіледі.

Салтанатты жиында жас полицейлерге үлкен сенім артылып, олардың алдағы қызметіне жоғары жауапкершілік жүктелетіні атап өтілді. Департамент басшылығы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету - тек кәсіби дайындықты ғана емес, сонымен қатар табандылық пен адалдықты талап ететінін жеткізді. Ал, сала ардагерлері жастарға ақ батасын беріп, жас полицейлерді заң мен тәртіп қағидатын берік ұстанып, халыққа қалтқысыз қызмет етуге шақырды.

Бұл күн- құқық қорғау саласына жаңадан қадам басқан жас мамандар үшін маңызды әрі жауапты кезең. Салтанатты рәсім барысында 25 жас қызметкер Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ант беріп, заң үстемдігін сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға серт етті. Сонымен қатар, қызметте жоғары нәтижелерімен көзге түскен бірқатар полиция қызметкерлері грамоталармен және ведомстволық марапаттармен марапатталды.

Салтанатты рәсім жас полицейлердің кәсіби жолындағы маңызды белестердің біріне айналды. Бұл күн олардың ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолындағы жауапты қызметке ресми түрде қадам басқанын білдіреді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты