ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ЖАҢА МҮМКІНДІГІ

Өңірде «Кәсіпкер әйел» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған жасанды интеллект пен мобилография курсын аяқтаған 27 кәсіпкерге сертификат табысталды. Жоба әйел кәсіпкерлердің цифрлық құзыретін арттырып, бизнесті жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Курс Ұлытау облысы әкімдігінің қолдауымен және Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ұйымдастырылды. Оқу бағдарламасын «gz.center» білім беру орталығының негізін қалаушы Гульнара Загирова бастаған мамандар жүргізді. Бірнеше аптаға созылған оқу барысында қатысушылар әлеуметтік желілерде бизнесті ілгерілетудің заманауи тәсілдерін меңгеріп, сапалы фото және бейне контент әзірлеуді, мобильді өңдеу қосымшаларымен жұмыс істеуді және жасанды интеллект мүмкіндіктерін кәсіпте тиімді пайдалануды үйренді. Іс-шара барысында қатысушыларға сертификаттарды Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова табыстап, түлектерді жаңа белеспен құттықтады.
Курс қатысушылары бағдарламаның тәжірибеге негізделгенін айтады. Олар оқу барысында өз бизнесіне қажетті контент әзірлеп, жасанды интеллект құралдарын нақты жұмыс процесінде қолдануды үйренген.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай білім беру жобалары әйел кәсіпкерлердің цифрлық сауатын арттырып қана қоймай, олардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге жол ашады. Ал бұл өз кезегінде өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына, экономиканың тұрақты өсіміне оң әсер етпек.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


