ЖАСӨСПІРІМДЕРДІ ЖҰМЫСҚА ҚАБЫЛДАУ ТӘРТІБІ

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес, еңбек шарты 16 жасқа толған азаматтармен жасалады. Алайда заңда кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдаудың да нақты тәртібі белгіленген.
Заңға сәйкес, жалпы орта білім алып жүрген 15 жастағы жасөспіріммен еңбек шартын жасауға болады. Сондай-ақ 14 жастан бастап сабақтан бос уақытта денсаулыққа зиян келтірмейтін әрі оқуына кедергі келтірмейтін жеңіл жұмыстарды атқаруға рұқсат етіледі. Ал 14 жасқа толмаған балалар сабақтан тыс уақытта мәдениет және өнер ұйымдарының қызметіне қатыса алады. Бірақ бұл олардың денсаулығына зиян келтірмеуі әрі білім алуына кедергі болмауы тиіс.
Кәмелетке толмаған қызметкермен еңбек шарты жасалғанда құжатқа оның заңды өкілдерінің бірі де қол қояды. Бұдан бөлек, заң бойынша 18 жасқа толмаған қызметкерлер үшін қысқартылған жұмыс уақыты белгіленген. Атап айтқанда, 14-16 жастағы жасөспірімдер аптасына 24 сағаттан, ал 16-18 жастағылар 36 сағаттан артық жұмыс істей алмайды.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


