ЖАСТАР ЕҢБЕК ЖАСАҚТАРЫНЫҢ ЖАЗҒЫ МАУСЫМЫ

Студенттік және жастар еңбек жасақтарының 2026 жылғы жазғы маусымы ашылды. Республикалық деңгейде өткен шара еліміздің барлық 20 өңірін байланыстырған телемост форматында ұйымдастырылды. Жиынға жастар ұйымдарының өкілдері, қоғам белсенділері, депутаттар мен еңбек жасақтарының мүшелері қатысты.
Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжінің алаңында өткен салтанатты шарада «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев жастарды жаңа еңбек маусымының басталуымен құттықтады. Телемостқа қосылған өңірлер өз кезегінде дайындық барысын баяндап, жазғы еңбек кезеңінің басталғанын жариялады. Сондай-ақ, іс-шара барысында жастар еңбек жасақтарының дамуына үлес қосқан белсенділер марапатталды. Өткен маусымда ерекше көзге түскен қатысушыларға «Ауыл» партиясының 25 жылдығына арналған мерейтойлық медальдар мен Алғыс хаттар табысталды. Жастарды жұмыспен қамтуға үлес қосқан жұмыс берушілер де назардан тыс қалмады.
Биыл еліміз бойынша еңбек жасақтарына 1010 студент қосылды. Олар он бағыт бойынша жұмыс істейді. Ұлытау облысынан жобаға 40 жас қатысуда. Жастар сервистік қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, экология және педагогика салаларында еңбек етіп, алғашқы кәсіби тәжірибесін жинақтайды.
Жастар еңбек жасақтарын дамыту бастамасы 2024 жылдан бері жаңа серпін алған. Сол кезде қалпына келтіру жұмыстарына 130 студент жұмылдырылған. Бүгінде жоба жастардың еңбекке араласуына, кәсіби дағдыларын қалыптастыруына және белсенді азаматтық ұстанымын дамытуына бағытталған маңызды бастамаға айналып отыр.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


