Жаңалықтар

ЖАСТАРДЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ САУЛЫҒЫ

ЖАСТАРДЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ САУЛЫҒЫ

Облыс орталығында - жастардың психологиялық саулығына арналған дәріс өтті. Кездесудің мақсаты – өскелең ұрпақтың эмоционалдық жағдайына назар аударып, стресстік жағдайларды тиімді еңсеру жолдарын үйрету.

Кездесуге студенттер, «Әділет» партиясының өкілдері мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Еркін пікір алмасу және интерактивті форматта өткен жиында жастар топтарға бөлініп, күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдайларды талқылады. Атап айтқанда, оқу жүктемесі, жаңа ортаға бейімделу, қатарластарымен қарым-қатынас және әлеуметтік желілердегі қысым мәселелері қаралды.

«Бүгінгі кездесуіміз жастардың барлығына дерлік қатысты мәселеге – психологиялық денсаулыққа, күйзеліс пен алаңдаушылыққа арналған. Біз өз жұмысымызда жастармен үнемі қарым-қатынас жасаймыз. Кейбір жанжалдар, ойланбай жасалған әрекеттер, тіпті құқық бұзушылықтардың өзі қатты эмоция, күйзеліс, отбасындағы, оқу барысындағы немесе қатарластарымен қарым-қатынастағы қиындықтардың әсерінен орын алуы мүмкін екенін байқаймыз»

— Раиса Қаржасова, Ұлытау облысы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы

Кездесудің практикалық бөлімінде жастарды алаңдататын мәселелерге де назар аударылды. Қатысушылар өздерін мазалайтын сұрақтарды жазып, олардың қайсысына әсер ете алмайтынын, ал қай мәселелерді дәл қазір шешуге болатынын ажыратты. Осы арқылы студенттер эмоционалдық күйзелісті төмендетудің жолдарын тәжірибе жүзінде қарастырды.

«Бүгінгі кездесуде айтылған ақпараттың барлығы қызықты әрі пайдалы болды. Көптеген жаңа нәрсе білдім. Осындай кездесулер көбірек ұйымдастырылса екен деймін. Себебі мұндай шаралардың біз үшін, болашағымыз үшін маңызы зор»

— Алтынай Іркенова, Жезқазған жоғары политехникалық колледжінің студенті

Мұндай кездесулер жастардың психологиялық сауаттылығын арттырып, күрделі жағдайларға саналы түрде шешім шығару дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Жиын барысында «Заң және тәртіп» қағидаттары мен «Адал азамат» тұжырымдамасына ерекше мән берілді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты