Жаңалықтар

ЖЕКЕМЕНШІК БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

ЖЕКЕМЕНШІК БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Ұлытау облысының Кәсіпкерлер палатасында Өңірлік салалық білім беру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Басқосуға мемлекеттік органдардың өкілдері, салалық кеңес мүшелері және жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары жиналды. Күн тәртібіне мемлекеттік емес білім беру ұйымдарының өзекті мәселелері шығарылып, басты назар мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау мәселесіне аударылды.

Кездесуде 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін міндетті лицензиялау талаптары жан-жақты түсіндірілді. Қатысушылар лицензия алу тәртібімен танысып, жаңа талаптарға дайындық, құжат рәсімдеу кезінде туындауы мүмкін қиындықтар және оларды шешу жолдары бойынша ақпарат алды. Жиында жекеменшік білім беру ұйымдарының қызмет бағытын ресми жіктеу жүйесі бойынша нақтылау мәселесі де көтерілді. Бұл қадам мемлекеттік емес білім беру ұйымдарының нақты есебін жүргізуге және мемлекеттік қолдау шараларын тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жекеменшік білім беру ұйымдарын қызмет бағыты бойынша жеке санатқа бөлу ұсынылды.

2027 жылдан бастап мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағдарламаларын жүзеге асыратын барлық мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар міндетті лицензиялаудан өтеді. Осыған байланысты кеңес мүшелері алдағы өзгерістерге дайындықты пысықтап, саладағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Кездесу соңында мемлекеттік органдар мен жекеменшік білім беру ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылды күшейтіп, білім беру сапасын арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыру жөнінде ортақ ұстанымға келді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты