Жаңалықтар

ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ КУБОГЫНА АРНАЛҒАН ДЕБАТ ТУРНИРІ

ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ КУБОГЫНА АРНАЛҒАН ДЕБАТ ТУРНИРІ

Республика күні қарсаңында облыс орталығында Жезқазған қаласы әкімінің кубогына арналған «Дебат - 2026» зияткерлік сайысы өтті. Екі күнге созылған додада жастар қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, таным деңгейі мен ой ұшқырлығын ортаға салды.

Сайыстың алғашқы күні пікірталас алаңына қала колледждерінің студенттері жиналды. Қатысушылар ұсынылған тақырыптар бойынша өз ұстанымдарын дәлелдеп, сыни ойлау, шешендік өнер және қарсы пікірге дәйекті жауап беру қабілеттерін танытты. Тартысты бәсекеде ойды жүйелі жеткізуге, тұжырымды нақты деректермен негіздеуге және қарсыластың пікіріне құрметпен қарауға басымдық берілді.

Екінші күні зияткерлік сайысқа қала мектептерінің оқушылары қатысты. Пікірсайыстар америкалық парламенттік дебат форматы бойынша ұйымдастырылды. Талқылауға ұсынылған тақырыптар «Адал азамат» тұжырымдамасымен үндесіп, жас ұрпақтың жауапты азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, адалдық пен әділдікті дәріптеуге және қоғамдық құндылықтарды құрметтеуге бағытталды.

Сайыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар дипломдармен, кубоктармен және қаржылай сыйақылармен марапатталды. Зияткерлік дода жастардың білімін шыңдап қана қоймай, ойын жүйелі жеткізіп, өз көзқарасын дәлелмен қорғауына жол ашты.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты