ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОНЛАЙН ҚАБЫЛДАУЫ

Жезқазған қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев тұрғындарды алғаш рет толықтай онлайн форматта қабылдады. WhatsApp қосымшасы арқылы ұйымдастырылған бейнеқабылдауға онға жуық тұрғын қатысып, қала басшысына өтініш-тілектерін тікелей жеткізді.
Қабылдаудың бұл форматы тұрғындар мен жергілікті атқарушы билік арасындағы байланысты жеңілдетіп, кері байланыстың қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Енді азаматтар жолға уақыт жоғалтпай, кезек күтпей-ақ, өздерін толғандырған мәселелерді онлайн түрде көтере алады.
Кездесу барысында тұрғындар баспана мәселесі, көпқабатты үйлерді жөндеу, абаттандыру, жолдардың жай-күйі, жұмысқа орналасу және әлеуметтік қолдау шараларына қатысты сауалдарын ортаға салды. Өтініштерді жан-жақты қарау үшін онлайн қабылдауға қала әкімінің орынбасарлары мен тиісті бөлім басшылары да қосылды. Олар көтерілген мәселелер бойынша өз құзыреттері аясында түсініктеме берді.
Қабылдау кезінде түскен барлық өтініш заңнамада белгіленген тәртіппен қаралады. Қосымша зерделеуді қажет ететін мәселелер тиісті құрылымдық бөлімшелерге жолданып, шешу жолдары пысықталмақ.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


