ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАСЫН ЖАҢҒЫРТУ ЖОБАЛАРЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Жезқазған қаласын жаңғыртуды көздейтін жобалар бойынша қоғамдық талқылау өтті. Жиын барысында «Жаңа құрылыс», «Кенесары», «Қостанкелді» және «Орталық» шағын аудандарының даму бағдарламалары таныстырылды. Аталған жобалар негізінен: тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар салу және қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту бағыттарын қамтиды.
Жобалар Жезқазған қаласының 2023 жылы бекітілген бас жоспарына сәйкес әзірленген. Мәселен, «Орталық» шағын ауданында жаңа әлеуметтік нысандар, оның ішінде жабық жүзу бассейні, балабақшалар мен өзге де қызмет көрсету орындарын салу қарастырылған. Сонымен қатар, тозығы жеткен ескі үйлердің орнына жаңа көпқабатты тұрғын үйлер тұрғызылып, аумақты абаттандыру көзделген Ал «Кенесары» ауданында мектептер, балабақшалар, полиция департаменті ғимараты, креативті индустрия орталықтары мен сауда нысандары салынбақ. «Қостанкелді» ауданында тұрғын үй кешені кеңейтіліп, әлеуметтік және спорттық нысандармен толықтырылмақ.
Сондай-ақ «Жаңа құрылыс» ауданында алдағы жылдары қалалық емхана, балаларды оңалту орталығы және мәдениет үйлерін салу жоспарлануда. Бұдан бөлек сумен, электрмен және газбен қамтамасыз ету жүйелері кезең-кезеңімен жаңғыртылмақ. Мамандардың айтуынша, бұл жобалар қаланың инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындарға қолайлы әрі заманауи орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. АЙДАНА БАЗАРБАЙҚЫЗЫ,АЛИХАН МҰХТАР «ҰЛЫТАУ» ТЕЛЕАРНАСЫ
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


