Жаңалықтар

ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАСЫНЫҢ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫНА – 70 ЖЫЛ

ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАСЫНЫҢ ҚОРҒАНЫС ІСТЕРІ БАСҚАРМАСЫНА – 70 ЖЫЛ

Жезқазған қаласының Қорғаныс істері басқармасына – 70 жыл. Мерейлі белес қарсаңында мекеменің күрделі жөндеуден өткен ғимараты пайдалануға берілді. Жаңғырту жұмыстарына қала әкімдігі қолдау көрсеткен.

Жетпіс жылдық тарих – талай буынның қажырлы еңбегі мен ел қауіпсіздігіне деген адалдықтың айғағы. Осы уақыт ішінде басқарма әскери есеп жүргізу, азаматтарды әскери қызметке шақыру және жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру бағытында еселі еңбек етіп келеді. Мерейтойлық шараға сала ардагерлері, мекеме қызметкерлерімен бірге облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев арнайы қатысты.

Шара барысында басқарма ғимаратында тарихи-танымдық бұрыш та ашылды. Экспозиция Ауған соғысының ардагері, подполковник Кеңесбек Бегімбетовтің өмірі мен қызметіне арналған. Ол 1993-1996 жылдары Жезқазған әскери комиссариатын басқарған. Мұндағы мақсат – кейінгі ұрпаққа оның өнегелі өмір жолын насихаттап, батырлық пен Отанға қызмет етудің ерен үлгісін ерекшелеу.

Бұдан бөлек, ардагердің әскери қызметі мен еңбек жолына қатысты деректер жинақталған. Сонымен қатар келушілер мекеме тарихы мен оның қалыптасуына үлес қосқан азаматтар туралы мәлімет ала алады.

Жаңарған ғимарат қызметкерлердің жұмыс жағдайын жақсартып қана қоймай, басқарманың тарихын кейінгі буынға танытуға мүмкіндік береді. Мерейтойлық шара осылайша сала ардагерлерінің еңбегін дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға арналды.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты