ЖЕЗҚАЗҒАН – ҚЫЗЫЛОРДА АВТОЖОЛЫНДА ҚАРҚЫНДЫ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Облыс әкімі Дастан Рыспеков Жезқазған–Қызылорда автожолын реконструкциялау жұмыстарының барысын бақылады.
Жезқазған – Қызылорда бағытындағы автожол – республикалық маңызы бар жол-көлік қатынасы. Қазіргі таңда көршілес облыс шекарасынан өңір аумағына дейінгі бір учаскедегі құрылыс жұмыстары толықтай аяқталған. Атап айтқанда, 25 шақырым жолға үш қабатты асфальт жабыны төселіп, соңғы қабаты қиыршықтасты асфальтбетонмен жабылды. Ал тағы бір учаскені келесі айда пайдалануға беру жоспарлануда...
Бүгінде жалпы ұзындығы 78 шақырым жолға асфальт төселген. Бұдан бөлек жол бойында жүргізушілер мен жолаушыларға арналған аялдап тынығу алаңдары да қарастырылған. Өңір басшысы атқарылған жұмыстардың сапасы мен қарқынына оң бағасын беріп, қалған учаскелерге жауапты мердігер компанияларға жұмысты жандандыру қажеттігін тапсырды.
Айта кетейік, аталған жолдың Ұлытау облысы шекарасына тиесілі бөлігі 208 шақырымды құрайды. Бүгінде екі өңір шекарасына Ұлытаудың аумағын айқындайтын арнайы стелла орнатылған.
Мұқағали Сейтқазы, Алихан Мұхтар, «Ұлытау» телеарнасы
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


