ЖЕЗҚАЗҒАН ЖЫЛУ ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҒЫ

Жезқазған қаласында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаменті ұйымдастырған баспасөз туры өтті. БАҚ өкілдері «Қазақмыс Энерджи» ЖШС-не қарасты жылу электр орталығының жұмысымен танысып, кәсіпорынның өндірістік нысандарын аралады. Онда жылу электр орталығының қазіргі жай-күйі, жүргізілген жөндеу жұмыстары және жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттыруға бағытталған шаралар туралы ақпарат берілді.
Жезқазған жылу электр орталығы – өңірдегі негізгі энергетикалық нысандардың бірі. Кәсіпорын электр және жылу энергиясын өндіреді. Станцияның электр қуаты – 210 мегаватт, ал жылу қуаты сағатына 499,2 Гкал-ды құрайды.
Кәсіпорында жабдықтардың техникалық жағдайын жақсартуға бағытталған жөндеу жұмыстары тұрақты жүргізілуде. 2025 жылы Жезқазған ЖЭО-дағы №7 қазандыққа күрделі жөндеу жасалған. Нәтижесінде жабдықтың тозу деңгейі 31 пайызға, ал апаттылық көрсеткіші 12 пайызға төмендеген.
«2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында №4, №6 және №8 турбогенераторларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта барлық агрегат жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар бойлер қондырғылары дайындалып, энергетикалық жабдықтар, тұрмыстық және әлеуметтік нысандар тазаланды. Биылғы жылыту маусымын 7 қазандық агрегат пен 4 турбинамен өткіземіз. Оның 5-еуі жұмыс барысында, ал 2-еуі резервте болады»
ЖЭО-да жылыту маусымына дайындық жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта №6 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Жұмыстардың негізгі мақсаты – жабдықтың техникалық жағдайын жақсартып, оның сенімділігін арттыру және алдағы жылыту маусымында станцияның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


