ЖЕЗҚАЗҒАНДА 5 МЫҢҒА ЖУЫҚ АҒАШ КӨШЕТІ ЕГІЛДІ

Жезқазғанда жасыл желек көлемін арттыруға бағытталған ауқымда жұмыстар жалғасуда. Облыс және қала әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясына қарасты кәсіпорын өкілдері және белсенді тұрғындар бірлесе - бұл күні қала аумағына 5 мыңға жуық ағаш көшетін отырғызды. Басты мақсат – шаһарды көгалдандырып, қоршаған ортаға деген қамқорлықты арттыру.
Терек, қарағаш сынды өңір климатына бейім ағаштар - Жезқазған - Сәтбаев көлік жолының бойына, сондай-ақ қаланың батыс бөлігіндегі ашық алаңқайға егілді. Жаңа көшеттердің отырғызылуы жасыл аймақтың аумағын кеңейтіп қана қоймай, қаланы көгалдандыруға да тың серпін бермек.
Игі іске діни бірлестік өкілдері, ардагерлер алқасы мен ерікті жастар да атсалысты. Бір мақсат жолында күш біріктіргендер: туған өлкенің табиғатын аялау жалпыға ортақ міндет дейді.
Көгалдандыру жұмыстары ағаш отырғызумен ғана шектелмейді. Аталған көшеттердің Жезқазғанның топырағаны жерсініп, тамыр жаюы да толық қадағалауда болады. Егілген талдардың тұрақты күтімі де жүйеленген.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


