ЖЕЗҚАЗҒАНДА ӘЙЕЛДЕР ВОЛЕЙБОЛЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Жезқазғанда әйелдер арасында өткен ашық волейбол біріншілігі мәреге жетті. Екі күнге созылған тартысты додада сегіз команда өзара мықтыны анықтап, жеңіс жолында бақ сынады.
«Ұлытау» спорт кешенінде өткен жарысқа Жезқазған, Сәтбаев, Қарағанды қалалары, Жаңаарқа және Ұлытау аудандары, сондай-ақ Жезді кентінен келген жүзге жуық спортшы қатысты. Нәтижесінде барлық кездесуде сенімді ойын өрнегін көрсеткен «Орта» командасы қарсыластарынан оқ бойы озып, чемпиондық атақты жеңіп алды.
Ал жарыстың күміс жүлдесі №21 мектеп командасына бұйырды. Турнир бойы тұрақты ойын көрсеткен ұжым жүлделі екінші орыннан көрінсе, үздік үштікті «ЖИГК» командасы түйіндеп, қола медальға қол жеткізді.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша мұндай турнирлердің бұқаралық спортты дамытуға, әйелдер волейболының деңгейін көтеруге және өңірлер арасындағы спорттық байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


