ЖЕЗҚАЗҒАНДА БОКСТАН АЙМАҚТЫҚ ЧЕМПИОНАТ ӨТУДЕ

Жезқазғанда 2011-2012 жылдары туған жасөспірімдер арасында бокстан Қазақстанның солтүстік-шығыс аймағының чемпионаты өтуде. Еліміздің 10 өңірінен келген жас спортшылар шаршы алаңда шеберлігін көрсетіп, Қазақстан чемпионатына жолдама алу үшін бақ сынап жатыр.
«Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтіп жатқан жарысқа 286 жас боксшы қатысуда. Чемпионаттың ашылу салтанатында Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Жайлаубаев жас спортшыларға сәттілік тілеп, алдағы белестерді бағындыруына тілектестік білдірді.
Аймақтық чемпионаттың негізгі мақсаты - ел біріншілігінде бақ сынайтын үздік боксшыларды іріктеу. Жарыс қорытындысы бойынша әр салмақ дәрежесінде жүлдегер атанған спортшыларға республикалық додаға жолдама беріледі. Ел біріншілігі Қараша айында Ақтау қаласында өтеді.
Бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Абзал Адамбаев та жарыстың жас спортшылар үшін маңызы зор екенін атап өтіп, олардың арасынан болашақ әлем чемпиондары шығатынына сенім білдірді.
Чемпионат ертең финалдық жекпе-жектермен қорытындыланады. Шаршы алаңда сынға түскен жас боксшылар үшін бұл - шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинақтаумен қатар, үлкен спорттағы жаңа белестерге жол ашатын маңызды мүмкіндік.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


