Жаңалықтар

ЖЕЗҚАЗҒАНДА ЗАМАНАУИ ЕМХАНА САЛЫНАДЫ

ЖЕЗҚАЗҒАНДА ЗАМАНАУИ ЕМХАНА САЛЫНАДЫ

Жезқазғанда заманауи емхана салынады.Жоба әкімдік пен жеке қайырымдылық қор арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылмақ. Құрылыс жұмыстарын маусым айында бастау жоспарлануда.

Жаңа емхана қаланың батыс бөлігінде бой көтермек. Заманауи талаптарға негізделген жоба бір ауысымда 200 ден астам науқасты қабылдайды. Жобаның жалпы құны шамамен 7,5 миллиард теңге, ал құрылыс жұмыстары жеке инвестор есебінен жүзеге асырылады.

Өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді. Облыс құрылғаннан бері шамамен 26 медициналық нысан салынған, ал қолданыстағы мекемелер кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Қазіргі таңда бес ірі емдеу ұйымында күрделі жөндеу жүріп жатыр. Солардың бірі - Сәтбаев қаласындағы фтизиопульмонология орталығы. Мұнда толық жөндеу жұмыстары ұзақ жылдар бойы жүргізілмеген: бұған дейін ғимараттың шатыры жаңартылып, ал биыл ақпан айынан бастап негізгі корпуста инженерлік желілер ауыстырылып, сыртқы келбеті қайта жаңғыртылуда.

Бұдан бөлек, Жезқазғандағы мемлекеттік емханалардың бірі толық жаңғыртудан өтіп жатыр. Жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, мердігерлер нысанды жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Мамандардың айтуынша, мұндай жаңарту шаралары медициналық мекемелердің тозу деңгейін 76 пайыздан шамамен 50 пайызға дейін төмендетіп, олардың материалдық-техникалық базасын кезең-кезеңімен нығайтуға мүмкіндік береді.

«9876 ПЕРЕВОД: 2025–2026 жылдары өңірде медициналық жабдықтарды жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Нәтижесінде 333 дана құрал-жабдық сатып алынды. Оның ішінде нейрохирургиялық аппараттар, 128 тілімді компьютерлік томография және ангиограф секілді ауыр медициналық техника бар. Бұл өз кезегінде көпсалалы аурухана базасында заманауи инсульт орталығын ашуға мүмкіндік берді»

— Еркебұлан Бейсембаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары

Сонымен қатар, өңірдегі көпсалалы ауруханада тамыр хирургиясы бағыты қарқынды дамып келеді. Жалпы жүзеге асып жатқан бұл өзгерістердің барлығы халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты