Жаңалықтар

ЖЕЗҚАЗҒАНДА ЖАҢА ҚОНАҚ ҮЙ АШЫЛДЫ

ЖЕЗҚАЗҒАНДА   ЖАҢА ҚОНАҚ ҮЙ АШЫЛДЫ

Жезқазғанда жаңа қонақүй кешені ашылды. Туризм мен қызмет көрсету саласын жандандыруды көздейтін инвестициялық жобаның жалпы құны – 1 миллиард теңге. Нысанның ашылу салтанатына Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаев қатысты.

Қонақүй құрылысы 2022 жылы басталып, биыл толық аяқталды. Заманауи нысанда қонақтарға арналған 40 бөлме бар. Оның ішінде стандарт, жартылай люкс және люкс санатындағы нөмірлер қарастырылған. Бұдан бөлек, кешенде мейрамхана мен түрлі жиындар, іс-шараларды өткізуге арналған конференц-зал жұмыс істейді.

«Әрбір жаңа нысан – өңірдің дамуына жасалған нақты қадам. Ал, жаңа қонақ үйдің ашылуы қаламыздың көркеюі мен қатар, Жезқазғанның туристік әлеуетін арттырып, қонақжайлығын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам болып есептеледі. Бүгін туризм Ұлытау облысының экономикалық дамуының перспективалық бағыттарының бірі болып табылады. Ұлытау тарихы тең, мәдениеті бай, табиғи көркем, қасиетті мекен болып табылады. Сондықтан өңірімізге келетін туристер саны арту үшін біз оны үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Туристердің саны артқан сайын, олардың сапасы да арту қажет. Осындай заманауи жаңа нысандар бізге өте маңызды»

— Нұртас Кәріпбаев, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары

Инвестициялық жобаны жеке кәсіпкер жүзеге асырған. Нәтижесінде 20 жаңа жұмыс орны ашылады. Жаңа қонақүйдің іске қосылуы өңірдегі қызмет көрсету инфрақұрылымын дамытуға және Жезқазғанның туристік әлеуетін арттыруға ықпал етпек.

«Мен ұзақ жылдар бойы Қазақстанда қонақ үй ісімен айналысып келемін, бүгін Жезқазған қаласында жаңа қонақ үйді ашып жатырмыз, бұл 40 бөлмеден тұратын қонақ үй қала тұрғындарына қызмет етеді. Қонақ үйде мейрамхана, концеренция залы, демалатын орындар бар. Алдағы уақытта спа орталығы да ашылады. Құрылыс 3 жылға созылды. Бұл қонақ үйдің иелері осы қаланың перзенттері. Қонақ үй тұрғындар үшін, туристер үшін жақсы демалыс орны болады деп сенеміз»

— Ахмет Север, «The Voyage» қонақ үйінің бас директоры

Жаңа қонақ үйдің ашылуы аймаққа келетін туристер мен қонақтар үшін таңдау мүмкіндігін арттырады. Нысанның заманауи талаптарға сай болуы келушілерге сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты