Жаңалықтар

ЖЕЗҚАЗҒАНДА ЖАҢА СПОРТ НЫСАНДАРЫ САЛЫНАДЫ

ЖЕЗҚАЗҒАНДА ЖАҢА СПОРТ НЫСАНДАРЫ САЛЫНАДЫ

Жезқазғанның спорт инфрақұрылымы жаңа нысандармен толықпақ. «Қазақмыс» корпорациясы мен Ұлытау облысының әкімдігі 6 мың көрерменге арналған жабық футбол стадионы мен заманауи теннис орталығын салу жөнінде меморандумға қол қойды. Жобалар қалада спортпен айналысуға жаңа мүмкіндік беріп, балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына серпін бермек.

Құжатқа Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен мен «Қазақмыс» корпорациясының Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі қол қойды. Келісім аясында тараптар екі ірі жобаны бірлесіп пысықтап, болашақ нысандардың негізгі техникалық және сәулеттік талаптарын айқындайды. Жұмыстың түпкі мақсаты – Жезқазғанда заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыру.

Жобалардың алғашқысы – 6 мың көрерменге арналған жабық футбол стадионы. Оның құрылысы 2027-2028 жылдарға жоспарланған. Нысанда футбол командалары мен спорт мектептері жыл бойы жаттығып, облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстар өткізе алады. Ал 2026-2028 жылдары заманауи теннис орталығын салу көзделген. Мұнда жабық және ашық корттар, жаттығу залдары мен спортшыларға қажетті медициналық және қалпына келу бөлмелері болады.

Меморандум жобаларды іске асырудың келесі кезеңіне жол ашады. Жобалау жұмыстары аяқталған соң, спорт нысандарына қажетті қаржы «Қазақмыстың» өңірдегі әлеуметтік инвестиция бюджетіне қосымша енгізіледі. Айта кетейік, 2026-2027 жылдары Жезқазғанда компанияның жалпы құны шамамен 28,9 миллиард теңге болатын бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобасы жүзеге асады. Оның қатарында Конгресс-орталық пен мешіт құрылысы, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, мәдениет нысандарын жөндеу және Кеңгір су қоймасының жағалауын көркейту жұмыстары бар.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты