ЖЕЗҚАЗҒАНДАҒЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАНДАР ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жезқазған қаласындағы денсаулық сақтау нысандарында жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Өңір басшысы облыстық көпбейінді аурухана мен қалалық емхананы аралап, жөндеу жұмыстарының қарқыны мен жобалардың жүзеге асырылу барысын бағамдады.
Облыстық көпбейінді ауруханада ауқымды күрделі жөндеу жалғасып жатыр. Үш жылға жоспарланған жоба 2025 жылы басталып, 2027 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Жұмыстарға 4 миллиард 256 миллион теңге қарастырылған. 1988 жылы салынған медициналық нысан пайдалануға берілгелі бері алғаш рет толық жаңғыртудан өтуде. Өткен жылы ғимараттың шатыры, техникалық қабаты және сегізінші мен тоғызыншы қабаттары жаңартылды. Биыл жөндеу жұмыстары бесінші, алтыншы және жетінші қабаттарда жүргізіліп жатыр.
Ал Жезқазған қалалық емханасындағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Жобаға бюджеттен 447 миллион теңге бөлінген. 15 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсететін емхана енді заманауи талаптарға сай қайта жабдықталуда. Қазіргі таңда медициналық құрал-жабдықтар мен қажетті жиһаздар орнатылып жатыр. Емхана тамыз айында тұрғындарды қайта қабылдай бастайды.
Медициналық нысандарды жаңарту тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, дәрігерлер мен медицина қызметкерлері үшін заманауи әрі қолайлы жұмыс жағдайын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


