ЖЕЗҚАЗҒАНҒА ЖЕРАСТЫ СУЫ ЖЕТКІЗІЛЕДІ

Облыс орталығына - Үйтас және Айдос жерасты су қорынан су тарту үшін, арнайы ұңғымалар қазылуда. Алдын ала белгіленген Жоспарға сәйкес тереңдігі 100-120 метр болатын 19 ұңғыма бұрғыланады. Осылайша, Жерасты суы - құбыр арқылы 50 шақырым жердегі Жезқазғанға жеткізіледі...
Сапалы ауыз су мәселесі - өңірдегі өткір проблемалардың бірі. Жезқазғанға жерасты суын жеткізетін Үйтас-Айдос су құбыры өткен ғасырдың 60-шы жылдары пайдалануға берілген. Қаланы қамтуға қажетті судың небәрі 30 пайызы осы құбырмен келеді. Сондықтан 2022 жылдан бастап желіні жаңғырту бойынша 4 кезеңнен тұратын жоба қолға алынған.
«Осы Айдос жерасты су кен орнында 9 ұңғыма бұрғылаймыз. Жер қыртысы өте күрделі, тастақ. Дегенмен, бір аптаның ішінде 41 метр бұрғылап үлердік. Қазірдің өзінде ішуге жарамды су шықты. Жоспар бойынша ұңғымаларды 100-120 метр тереңдікте қазамыз»
— Мақсат Бақтыбаев, мердігер ұйым өкілі
Жаңадан бұрғыланған ұңғымаларға заманауи қондырғылар орнатылады. Жоба құны 8,8 млрд теңге. Қаржының басым бөлігі республикалық бюджеттен бөлінген.
«Осы екі нысаннан жалпы 22,6 млн текше метр су жылына қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Ол барлық су тұтыну көлемін толық жабады. Енді бұл жұмыстар келесі жылы аяқталса қала тұрғындарын толық сапалы жерасты суымен қамтамасыз етеміз»
— Аслан Арынов, Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары
Облыс орталығында ауызсу сапасын жақсартуға қатысты, тағы бір жоба қатар жүзеге асырылуда. Қалаға жеткізілген суды тазалайтын гидроцех күрделі жөндеуден өтуде. Жаңғыртудан соң кәсіпорын мембрандық технология бойынша жұмыс істейді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


