ЖОЛ САПАСЫ БАҚЫЛАУДА

Сапалы жол - қауіпсіз қозғалыстың кепілі. Сондықтан автомобиль жолдарының құрылысы мен жөндеу жұмыстары үнемі бақылауда дейді сала мамандары. Ұлттық жол активтері сапасының орталығының Ұлытау облысы бойынша филиалы республикалық және жергілікті жолдардың сапасын тексеріп, жол-құрылыс материалдарын арнайы зертханада сынақтан өткізеді. Сондай-ақ жолдардың техникалық жай-күйін бағалап, бақылау жұмыстарына цифрлық технологияларды енгізуде.
Жол сапасын бақылау құрылыс алаңынан басталды. Сапаны бақылау және мемлекеттік есепке алу инженерлері бекітілген жоспар бойынша нысандарға шығып, атқарылып жатқан жұмыстардың белгіленген талаптарға сай орындалуын тексереді. Барлық бақылау KazRoadLab цифрлық жүйесі арқылы жүргізіледі. Мамандар планшетпен жұмыс істеп, алынған сынамаларды QR-код арқылы тіркейді, ал олардың нақты орны GPS арқылы белгіленеді. Нысанда анықталған кемшіліктер де бірден электронды жүйеге енгізіледі. 2023 жылдан бері өңірде жол-құрылыс материалдарының 6110 сынамасы алынған.
«1479 ПЕРЕВОД: Филиалымыздың негізгі міндеті – автомобиль жолдарын салу, қайта жаңғырту, жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарының сапасын бақылау. Сондай-ақ жол-құрылыс материалдары мен орындалған жұмыстардың нормативтік талаптарға сәйкестігін тексереміз. Инженерлер бекітілген жоспарға сәйкес жол-құрылыс нысандарына барып, барлық жұмыс барысын бақылайды. Қажет болған жағдайда инертті материалдар мен дайын асфальтбетон жабындысынан сынамалар алады. Іріктелген сынамалар филиалдың сынақ зертханасына жеткізіліп, зертханалық тексеруден өтеді. Оның қорытындысы тапсырыс берушіге, мердігер ұйымға және техникалық қадағалау мекемесіне жолданады»
— Жанат Саликов, Ұлттық жол активтері сапасының орталығы Ұлытау облысы бойынша филиалы сапаны бақылау және мемлекеттік есепке алу бөлімінің басшысы
Нысандардан алынған сынамалар арнайы талапқа сай рәсімделіп, облыстық филиалдың зертханасына жеткізіледі. Мұнда олар QR-код арқылы қабылданып, мемлекеттік стандарттарға сәйкес тексеріледі.
Жол сапасын тұрақты бақылау құрылыс жұмыстарының талапқа сай орындалуына мүмкіндік береді. Ал цифрландырылған зертхана материалдардың сапасын дәл бағалап, тексеру нәтижелерінің сенімділігі мен ашықтығын арттырады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


