ЖОЛДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК КҮШЕЙТІЛДІ

Өңірде жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оның басты мақсаты - жолдағы қауіпсіздікті күшейтіп, жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру.
Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері облыс аумағында 92 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 141 адам жарақат алған. Ал төрт адам жол апатынан қаза тапқан. Мамандардың айтуынша, жол апаттарының басым бөлігі- жылдамдықты асыру, көлік бағытын өзгерту кезінде жол ережесін бұзу, арақашықтықты сақтамау және жүргізушілердің жолға мұқият қарамауы салдарынан болады.
Іс-шара барысында полицейлер заң бойынша мопед санатына жататын электр велосипедтеріне де бақылауды күшейтті. Әсіресе мұндай көлікті кәмелетке толмағандардың басқаруына ерекше назар аударылып отыр. Егер заң бұзушылық анықталса, ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, ал электр велосипедтері арнайы айып тұрағына қойылады. Полиция барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол ережесін қатаң сақтап, жолда мұқият әрі жауапкершілікпен жүруге шақырады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


