Жаңалықтар

АЙМАҚ БАСШЫСЫ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

АЙМАҚ БАСШЫСЫ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Кәсіпкерлік - өңір экономикасының күретамыры, жаңа жұмыс орындары мен өлке дамуына серпін беретін маңызды сала. Шағын және орта бизнестің өркендеуі аймақтың экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, халықтың тұрмыс сапасына да ықпал етеді. Осы саланың даму барысын таразылап, кәсіп иелерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдау мақсатында облыс әкімі Есет Байкен өңір кәсіпкерлерімен кездесті.

Басқосу алдында аймақ басшысы жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері мен жобалары қойылған көрмені аралады. Мұнда ауыл шаруашылығы, өндіріс, құрылыс және қызмет көрсету салаларында еңбек етіп жүрген кәсіп иелері өз өнімдерін таныстырып, қолға алған жобалары мен өндірістік мүмкіндіктерін көрсетті.

«2947 1ші звуктан: / Енді 96 жылдн бері осы қолөнермен айналысып келе жатырмын. Өзім жасымнан осы өнерге бейім едім.Гитара, домбыра ойнайтынмын. Ансамбльде ойнағам. Ал енді осы жаққа көшіп келіп бір домбыраны бастап көрейін деп бір домбыра өзіме істеп алдым. Содан басталып кетті. Енді осы 30 жылдың көлемінде где то 7000ға тақау домбыра істеппін.Жалғыз домбыра емес, бүкіл қазақтың инструменттерін істеймін»

— Сарбас Жүнісов, қолөнер шебері

Ұлттық өнерді жаңғыртып, дәстүрлі қолөнерді заманауи сұраныспен ұштастырып жүрген шеберлердің жұмысы көрменің мазмұнын толықтырды. Мұндай бастамалар жергілікті өнімнің түрін көбейтіп, кәсіпкерліктің жаңа бағыттарын дамытуға жол ашады.

Бүгінде Ұлытау облысында 16 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Оның 11 мыңнан астамы - жеке кәсіпкер. Бұл көрсеткіш өңір экономикасындағы бизнестің үлесін айқындайды. Ал оның әлеуетін арттыру үшін қолайлы іскерлік орта қалыптастырып, кәсіп бастауға және өндірісті кеңейтуге қажетті жағдай жасау маңызды.

Кездесудің салтанатты бөлімінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген кәсіпкерлер марапатталды. Бірқатары мемлекеттік наградаға, енді бірі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төсбелгісі мен Құрмет грамотасына ие болды. Бұл - кәсіп иелерінің көп жылғы еңбегі мен кәсіби қызметіне берілген баға.

Кездесу одан әрі ашық пікір алмасу форматында жалғасты. Кәсіпкерлер өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, бизнес жүргізу барысында кездесетін кедергілер мен мемлекеттік қолдау тетіктеріне қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Кездесу қорытындысында облыс әкімі кәсіпкерлерге өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жүрген үлестері үшін алғыс білдірді. Бизнес өкілдері көтерген мәселелер мен ұсыныстарды қарау, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға қажетті жағдай қалыптастыру алдағы жұмыстың басым бағыттарының бірі болып қала бермек.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты