ЕГІНДІГЕ – 50 ЖЫЛ!

«Егіндім – алтын өрісім!» Осындай атаумен Ұлытау ауданына қарасты Егінді ауылы – 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Шалғайдағы ауылдың шат-шадыман қуанышын біздің арнаның түсірілім тобы бөлісіп қайтты...
Кешегі Кеңестік кезеңде қамбасы дәнге, даласы төлге толған ауыл – 1976 жылы Урожайный совхозы атауымен құрылған. Тәуелсіз Қазақстанда есімін қазақшалап, Егінді болып еңсесін тіктеген елді-мекенде бүгінде 40 қа жуық түтін бар.
Ауылдың мерейлі белесімен аудан әкімінің орынбасары мен ауыл басшылығы арнайы құттықтады...
Іс шараның ресми бөлігінде Ұлытау облыстық музыкалық драма театр ұжымы дайындаған ауыл тарихынан сыр шертер қойылым көрсетілді. Әрі қарай, Егіндінің дамуына үлес қосқан еңбек ардагерлері мен белсенді тұрғындарға «Егіндіге 50 жыл» төсбелгісі мен Құрмет грамоталары табысталды.
Тақбала тоғанына жағалай тігілген ақшаңқаң киіз үйлер – тойдың ажарын ашты. Мерейтойлық шараның негізгі бөлімінде: асық ату, таяқ тарту, арқан тартыс, қошқар көтеруден жарыстар ұйымдастырылды. Ал, Тойдың қызығы: жауырыны жер иіскемеген палуандар мен аламан бәйге болды. Ұлттық ойындарда жеңімпаз және жүлдегер атанғандарға қомақты қаржылай сыйақы және бағалы сыйлықтар табысталды.
Ауыл азаматтары бірлесе қолға алған той – түтіні түзу, тірлігі қызу Егінді халқының бекем бірлігін көрсете білді. Тағылымды шара Т.Қалмағанбетов атындағы Ұлытау облыстық филормония ұжымы мен жергілікті өнерпаздардың қатысуымен өткен мерекелік гала концертпен мәреге жетті.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


