Ұлытау ауданы

«ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ»

«ЕР ЕСІМІ – ЕЛ ЕСІНДЕ»

«Ер есімі – Ел есінде!» Осындай атаумен Ұлытау ауданының орталығында Жеңіс күніне арналған бірқатар іс шара өтті.

⠀Кадрдан тыс: 9 мамыр – Жеңіс күніне арналған тағылымды шаралар легі жылдағы дәстүр бойынша Таңбалы тас саябағындағы Даңқ мемориалына гүл шоғын қою рәсімімен басталды. Мұнда Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіліп, 1 минут үнсіздік жарияланды...

Сондай-ақ, Ұлытау ауданының бас имамы Жанболат Серікұлы майдан даласында қаза тапқан боздақтардың рухына Құран бағыштады. Өткен күннің отты жылдарына тағзым шарасына аудан әкімі Аманжол Мырзабеков, аудандық мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов, ардагерлер кеңесі мен жастар және белсенді тұрғындар қатысты.

Іс-шара әрі қарай «Жеңіс туы желбірейді» атты мерекелік концертпен жалғасын тапты. Жиналғандар назарына аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі мен тарихи-өлкетану музейі ұйымдастырған көрме де ұсынылды. Көрмеге ұлытаулық майдангерлердің ерлік жолы жайында жазылған кітаптар мен майдан даласынан сыр шертер құнды жәдігерлер қойылған.

Айта кетейік, дәл осындай мерекелік іс-шаралар ауданға қарасты барлық ауылдық округтерде де ұйымдастырылған. Иә, ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды!

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты