Жаңалықтар

«КӘСІПКЕР ӘЙЕЛ» КУРСЫ 25 ТҮЛЕККЕ СЕРТИФИКАТ ТАБЫСТАЛДЫ

«КӘСІПКЕР ӘЙЕЛ» КУРСЫ 25 ТҮЛЕККЕ СЕРТИФИКАТ ТАБЫСТАЛДЫ

Өңірде «Кәсіпкер әйел» бағдарламасының түлектері өз кәсібіне сенімді қадам жасады.Бұл жолы - макияж жасауды кәсіби меңгерген 25 әйел оқу курсын аяқтап, арнайы сертификаттарға ие болды. Түлектерге аталған сертификаттарды салтанатты табыстау рәсімі Өңірлік кәсіпкерлер палатасында өтті.

Жиынға облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма басшысының орынбасары Эмиль Мисбахов пен Ұлытау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова қатысты. Олар курс түлектерін құттықтап, алдағы кәсіби жолдарына сәттілік тіледі. Айта кетейік, оқу облыс әкімдігінің қолдауымен және Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен ұйымдастырылған.Басты мақсат – нәзік жандыларға сұранысқа ие мамандықтарды меңгертіп, кәсіп бастауына қажетті мүмкіндік жасау.

Курстың негізгі бөлігі тәжірибелік сабақтарға арналды. Қатысушылар кәсіби макияж жасауды үйреніп қана қоймай, қызмет алушымен жұмыс істеудің қыр-сырын да меңгерген. Осылайша, сұлулық саласында қызмет көрсетуге қажетті алғашқы кәсіби дағдыларын қалыптастырды. Енді алған білімдерін іс жүзінде қолданып, жеке кәсібін бастауға мүмкіндік алды.

Жаңа мамандықты игеру - әйелдердің еңбек нарығындағы мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, жеке табыс көзін қалыптастыруына да негіз болады. Сондықтан Кәсіпкерлер палатасы алдағы уақытта да әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдап, жаңа жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасауды жалғастырмақ.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты