Жаңалықтар

ҰЛЫТАУЛЫҚ БОКСШЫЛАРДЫҢ КЕЗЕКТІ БИІГІ

ҰЛЫТАУЛЫҚ БОКСШЫЛАРДЫҢ КЕЗЕКТІ БИІГІ

Ұлытаулық жас боксшылар әлем чемпионатында топ жарды. Черногорияның Будва қаласында өткен 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы дүниежүзілік додада жерлестеріміз екі бірдей жүлдеге қол жеткізді. Байрақты бәсекеде Владислав Саможонов күміс, ал Индира Қыдырмолдаева қола медаль иеленді. Жеңімпаз жерлестерімізді Жезқазған әуежайынан күтіп алғандар қатарында біздің түсірім тобы да болды...

Әлемнің үздік жас боксшылары бас қосқан халықаралық жарыс 16–27 қазан аралығында өтті. Дүбірлі додаға 68 мемлекеттен 474 спортшы қатысқан. Ел намысын қорғаған ұлытаулық Владислав Саможонов 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде финалға дейін жетіп, күміс жүлдені қанжығасына байлады. Ал 60 келі салмақта жұдырықтасқан Индира Қыдырмолдаева үздік үштіктен көрініп, қола медальға қол жеткізді.

Әлемдік додада ел намысын абыроймен қорғаған жас боксшыларды Жезқазған әуежайында жерлестері ерекше ықыласпен қарсы алды. Қуанышты сәтке спортшылардың ата-аналары, жақындары мен жанкүйерлері куә болды. Әсіресе, қызының әр жарысына алаңдап, тілеуін тілеген Индираның анасы үшін бұл жеңістің орны бөлек. Перзентінің әлем чемпионатында жүлдегер атануы – отбасы үшін үлкен мақтаныш.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы әлем біріншілігін 1 алтын, 3 күміс және 4 қола медальмен аяқтап, жалпыкомандалық есепте үздік бестікке енді. Ұлттық құрама қоржынына түскен сегіз медальдың екеуі ұлытаулық боксшыларға тиесілі. Бұл жетістік өңірдегі жас спортшыларға жаңа белестерді бағындыруға серпін бермек.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты