Жаңалықтар

ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР

ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТТЕР

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жасаған жаңа Жолдауында айқындалған міндеттерді кеңінен түсіндіру мақсатында «Әділет» партиясының өкілдері Жезқазған жоғары политехникалық колледжінің ұжымымен кездесті. Басқосуда Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауының негізгі бағыттары мен ел дамуына қатысты басым міндеттері сөз болды.

Кездесуде «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалы басшысының орынбасары Ерлан Мырзабеков пен партияның Жезқазған қалалық филиалының төрағасы Сәкен Қайрат баяндама жасап, Жолдаудың негізгі алғышарттарына тоқталды. Әсіресе, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың тұрмыс сапасын арттыру және өңірдің өркендеуіне ықпал ететін міндеттерге назар аударылды.

Жиында ұстаздар қауымы да өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Әсіресе, педагог мәртебесін көтеру мен мұғалімдерді артық қағазбастылықтан арылту мәселелеріне қатысты Жолдауда айтылған бастамаларға қолдау білдірді.

Партия өкілдерінің айтуынша, бұл -Жолдаудың негізгі бағыттарын халыққа кеңінен жеткізуге арналған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының алғашқы кезеңі. Алдағы уақытта бастамашыл топ түрлі еңбек ұжымдарымен кездесіп, Президент көтерген міндеттер мен олардың өңір үшін маңызын түсіндіруді жалғастырмақ.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты