ОБЛЫС ӘКІМІ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Облыс әкімі Есет Байкен өңірдің шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Басқосуда мәдениет саласының қазіргі жай-күйі, өзекті мәселелері мен алдағы даму бағыттары талқыланды.
Бүгінде Ұлытау облысында 105 мәдениет ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында театр, филармония, музейлер, кітапханалар, мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар, архивтер және бейінді орталықтар бар. Аталған мекемелерде 1153 адам еңбек етеді. Кездесуде мәдениет саласының бүгінгі ахуалы сараланып, алдағы міндеттер айқындалды.
«жалпы, негізгі мақсатым, өздеріңізбен кездесіп, осы өңіріміздің рухани әлеуеті, мәдениеті, туристік потенциалы, және де жалпы өнер адамдарының қазіргі кездегі қал-жағдайы мен оның дамуының үрдісі, проблемалық жағдайларды өздеріңіздің ауыздарыңыздан естіп, тапсырма алып, келісімге келіп, ары қарай бір жоспар құрсақ деген ойда болатынмын»
— Есет Байкен, – Ұлытау облысының әкімі
Басқосуда шығармашылық зиялы қауым өкілдері өңір мәдениетін дамытуға қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Әсіресе, мәдениет мекемелерінің жұмысын жетілдіру, шығармашылық бастамаларды қолдау және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытында ұсыныстар айтылды. Қатысушылар саладағы түйткілдерді шешу жолдарын талқылап, өзара пікір алмасты.
«Мына бір игі шараны ойға алып, ойдағы, қырдағының басын қосып, көптен кездеспеген шығармашылық адамдардың басын қосып, бір үстелдің басында отырғанына қуаныштымын. Осындай мүмкіндік берген облыс басшылығына алғыс айтамыз. Бұл біздердің, шығармашылық адамдардың өзі бір ұйықтаса түсінен кетпейтін, жүрсе ойынан кетпейтін кездесу. Былай, жайшылықта кездесіп жүргендегі айтатын әңгіме бір бөлек те, бүгінгі күнгі әңгіме өзекті болар деп ойлаймын»
— Батырбек Мырзабеков, Қазақстан Жазушылар одағының Ұлытау облыстық филиалы төрағасы
Кездесу барысында айтылған ұсыныстар мен көтерілген мәселелер назарға алынды. Облыс басшысы мәдениет саласын дамыту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Алдағы уақытта өңірдің рухани әлеуетін арттыру және мәдениет мекемелерінің қызметін жетілдіру жұмыстары жалғасын таппақ.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


