Жаңалықтар

КРЕАТИВТІ БИЗНЕС МҮМКІНДІКТЕР, ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ДАМУ

КРЕАТИВТІ БИЗНЕС МҮМКІНДІКТЕР, ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ДАМУ

Облыс орталығында Креативті бизнес: мүмкіндіктер, қолдау және даму» тақырыбында кездесу өтті. Жиында кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау, бизнесті қаржыландыру және заманауи технологияларды пайдалану мәселелері талқыланды. Басқосуға өңір кәсіпкерлері, креативті индустрия және қаржы ұйымдарының өкілдері қатысты.

Кездесу аясында «Даму» қорының аймақтық филиалы мен облыстық мәдениет басқармасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат креативті индустрияны дамытуға, кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған.

«Жалпы іс-шарамыз креативті индустрия өкілдерінің идеяларын нағыз кәсіпке, нағыз бизнес жоспарына айналуына мүмкіндік беретін маңызды қадам. Сол себептен баршаларыңызды осы меморандумға қол қоюмен шын жүректен құттықтаймыз. Жалпы біздің облысымызда креативті индустрия өкілдері 150 ден астам өкілдері бар. Соның ішінде 50-ден астам тығыз, белсенді жұмыс істеуде. Сол себепті бүгінгі іс-шараны одан әрі біздің креативті индустрия өзінің тың серпінін береді деп ойлаймын»

— Жұмажан Өтегенов, Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары

Жиында мемлекеттік қолдау тетіктері де таныстырылды. Мамандар несие мөлшерлемесін субсидиялау, кепілдік беру және кәсіпкерлерге қолжетімді қаржылық құралдар туралы түсіндірді.

«Бұл кездесудің мақсаты креативті индустрия саласында жүрген кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тек қана Даму қоры ғана емес, бізбен бірге серіктес банктер арнайы Қарағанды қаласынан келіп жатқан банк қызметкерлер бар»

— Аяулым Қадырбекова, «Даму» қорының аймақтық филиалының бас менеджері

Сонымен қатар жиында жеке бренд қалыптастыру, бизнесте жасанды интеллектіні қолдану және IT Hub мүмкіндіктері сөз болды. Банк өкілдері кәсіпкерлерге арналған қаржыландыру шарттарына тоқталды. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер өңірдегі креативті кәсіпкерліктің дамуына серпін береді деп сенеді.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты