НЕЙМАТ АСАДОВ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ

Грузия астанасы Тбилисиде аралас жекпе-жектен ересектер мен жастар арасында әлем чемпионаты өтті. 60 елдің үздік спортшылары қатысқан дүбірлі додада жерлесіміз Неймат Асадов күміс жүлдеге қол жеткізді. Халықаралық жарыстан олжалы оралған спортшыны жерлестерімен бірге біздің түсірілім тобы да күтіп алды.
Бір аптаға созылған жарысқа 800-ден астам спортшы қатысқан. Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен Неймат Асадов 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде финалға дейін жетіп, тартысты жекпе жектер өткізген.
«Әлем чемпионатында бес жекпе-жек өткіздім. Алғашқы қарсыласым Өзбекстан спортшысы, Азия чемпионы болды. Төрешілер шешімімен жеңіске жеттім. Екінші кездесуде Тәжікстан өкілімен белдестім. Ол да мықты қарсылас еді, бұл жолы да жеңіске жеттім. Үшінші қарсыласым Франция спортшысы болды. Төртінші жекпе-жекте өз командамдағы спортшымен кездестім. Ол – әлем чемпионатының екі дүркін финалисі. Өте тартысты кездесу болды, алайда жеңіс менің еншіме бұйырды. Ал финалда Ресей өкілімен жолықтым»
— Неймат Асадов, аралас жекпе-жектен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері
Ақтық белдесуде төрешілер шешімімен жеңіс ресейлік спортшыға берілген. Осылайша, Неймат Асадов әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді. Спортшы бұл жетістікте жаттықтырушылары мен жанашыр жандардың қолдауы ерекше болғанын атап өтті.
«Өңірімізде спорттың дамуына үлес қосып, әлемдік ареналарда өнер көрсетуіме, Қазақстанның туын желбіретуіме мүмкіндік жасаған Спорт басқармасына алғысымды білдіремін. Жеке жаттықтырушыларыма, жарыс бойы қолдау көрсетіп, көмектескен барша жанға, сондай-ақ серіктестеріме ризашылығымды айтқым келеді. Бұл медальді Қазақстанға, туған еліме және Ұлытау облысына арнаймын»
— Неймат Асадов, аралас жекпе-жектен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері
Әлем чемпионатының күміс жүлдесі - Неймат Асадовтың спорттық жолындағы елеулі белес. Оның халықаралық аренада қол жеткізген бұл нәтижесі Ұлытау облысының спорт қауымдастығы үшін де зор мақтаныш.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


