МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ САПАСЫ БАҚЫЛАУДА

Ұлытау облысында мемлекеттік қызмет көрсету саласында тоғыз айда 7 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ұлытау облысы бойынша департаменті хабарлады. Ведомство жыл басынан бері мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау, азаматтардың құқықтарын қорғау және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында атқарылған жұмыстарды қорытындылады.
Есепті кезеңде департамент 27 тексеру жүргізген. Оның 13-і жоспарлы, 14-і жоспардан тыс ұйымдастырылған. Нәтижесінде 7 370 заңбұзушылық анықталды. Соның 6 951-і жергілікті атқарушы органдардың, ал қалған 419-ы орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің қызметіне тиесілі. Негізгі кемшіліктер мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен мерзімдерінің сақталмауына байланысты.
Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі мен рұқсат құжаттарын беру мерзімдерін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 465-бабының 1 және 2-бөліктеріне сәйкес тоғыз әкімшілік хаттама толтырылған. Салынған айыппұлдар есебінен бюджетке 513 мың 105 теңге өндірілді. Бұдан бөлек, департаменттің ұсынулары негізінде 70 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оның 52-сіне ескерту, 11-іне сөгіс, бесеуіне қатаң сөгіс берілді. Ал екі қызметшіге лауазымына толық сәйкес еместігі туралы ескерту жасалды.
Мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта қызмет көрсету тәртібін жетілдіру, цифрландыру және әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру бойынша Агенттікке 23 ұсыныс жолданды. Департамент алдағы уақытта да заңбұзушылықтардың алдын алып, азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық бермек
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


