РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ АРНАЛҒАН СПОРТТЫҚ ДОДА

Республика күніне - Жезқазғанда спорттық сайыс ұйымдастырылды. Додаға мектеп оқушылары, колледж студенттері мен қала тұрғындары қатысып, спорттың алты түрінен өзара мықтыны анықтады. Мерекелік шараның басты мақсаты - бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және ұлттық ойындарды кеңінен дәріптеу.
Жүзге жуық қатысушы арқан тарту, тоғызқұмалақ, таяқ тарту, дойбы, асық ату және бес асық ойындарынан бақ сынады. Бірінде күш пен ептілік сыналса, енді бірінде ой ұшқырлығы мен дәлдік маңызды болды. Жарыстың ашылуында Жезқазған қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Зухрап Даумбаев қатысушыларды мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі.
«2253 / Барлықтарыңызды мынау республика күнімен шын жүректен құттықтаймын.Жезқазған қаласы әкімдігі атынан сіздерді тағы да құттықтауға рұқсат етіңіздер. Іс-шараға қатысып жатқан спортшыларға сәттілік тілеймін. Төрешілерге әділ төрешілік, шын мықты жеңіске жетсін!»
— Зухрап Даумбаев, Жезқазған қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы
Жарыс барысында ұлттық ойындарға ерекше мән берілді. Халқымыздың ғасырлар бойы сақталып келе жатқан асыл мұрасы саналатын бұл ойындар өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды дәріптеудің бір жолы.
«2302 / Мен өзім Жезқазған индустриялдық гуманитарлық колледжінде оқимын. Дене тәрбиесі және спорт мамандығы 2ші курста оқим. Өзім негізі грек-рим күресімен айналысамын. Бүгінгі жарыс туралы айтатын болсақ жарыс өте әділетті өтіп жатыр. Өте ұнап жатыр. Барлық командаларға және қатысып жатқан ерлер мен қыздарға сәттілік тілеймін»
— Әліби Сұлтан, жарыс қатысушысы
Жарыс соңында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар, дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды. Спорттық шара қатысушылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, ұлттық ойындарды дәріптеп, ортақ мереке аясында жұртшылықты бір арнаға тоғыстырды.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


