Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР ЗИЯТКЕРЛІК САЙЫСТА БАҚ СЫНАДЫ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР ЗИЯТКЕРЛІК САЙЫСТА БАҚ СЫНАДЫ

Республика күніне Жезқазғанда мемлекеттік қызметшілер арасында «TezTap Quiz» зияткерлік ойыны өтті. Облыстың жеті командасы бас қосқан сайыста қатысушылардың білім деңгейі мен ой ұшқырлығы сынға түсті.

Жезқазған қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен зияткерлік додада түрлі тақырыпты қамтыған сұрақтар қойылды. Әр кезең қатысушылардан зеректік пен жылдам шешім қабылдауды талап етті. Командалар ұпай үшін ғана емес, өз мүмкіндіктерін байқап, білімдерін ортаға салу үшін де бақ сынады. Облыстық деңгейде ұйымдастырылған сайыстың маңызын облыс әкімінің орынбасары мен Жезқазған қаласының әкімі де атап өтті.

Қатысушылардың айтуынша, мұндай басқосулар әріптестер арасындағы байланысты нығайтып, ортақ іске деген ынтаны арттырады. Сайыс барысында біліммен қатар, шұғыл шешім қабылдау және уақытты тиімді пайдалану қабілеті де маңызды рөл атқарды.

Ойын нәтижесінде үздік шыққан командаларға кубоктар мен қаржылай сыйақылар табысталды. Зияткерлік сайыс осылайша Республика күніне арналған мерекелік шаралар легін толықтырып, мемлекеттік қызметшілердің басын бір алаңда қосты.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты