ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ СЕНІМГЕ СЕРПІН

Бүгін - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты жаңа Жолдауын жолдады. Президент ел экономикасын дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және цифрландыру мәселелеріне кеңірек тоқталды. Сондай-ақ алдағы жылдарға арналған маңызды бастамаларды ұсынып, Үкімет пен жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Жолдауда экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелеріне басымдық берілді. Мемлекет басшысы инфляцияны төмендету, отандық өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және инвестиция тарту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді пайдалану мен экономиканың нақты секторын нығайту міндеттеріне тоқталды. Президент Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен жұмысын күшейтіп, баға өсімін тежеуге бағытталған шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруды тапсырды.
Президент 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Бұл бастама ел аумағындағы инфрақұрылымды жаңғыртып, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Атап айтқанда, жолдар, әуежайлар, вокзалдар мен денсаулық сақтау мекемелерін салу және жөндеу көзделген. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарын ашу, өңірлерде спорт кешендерін, шығармашылық үйлерін, кітапханалар мен ғылыми орталықтарды салу мәселелері көтерілді. Мемлекет басшысы құрылыс жобаларының сапалы әрі уақытылы жүзеге асырылуын қатаң бақылау қажеттігін атап өтті.
Жолдауда цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға да ерекше мән берілді. Мемлекет басшысы жаңа технологияларды экономиканың барлық саласына кеңінен енгізіп, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру қажеттігін жеткізді. Қорыта айтқанда, Президент елдің ұзақ мерзімді даму басымдықтарын айқындап, стратегиялық жоспар әзірлеуді тапсырды.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


