Жаңалықтар

ОБЛЫС ӘКІМІ СӘТБАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ОБЛЫС ӘКІМІ СӘТБАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін облыс әкімі Есет Байкен Сәтбаев қаласының тұрғындарымен кездесті. Жиында шаһардың даму көрсеткіштері сараланып, алдағы жоспарлар таныстырылды. Сонымен қатар тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, жауапты тұлғаларға сауалдарын жолдады.

Кездесуде Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау мәселесіне басымдық берілді. Өңір басшысы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың маңызына тоқталып, олардың тұрғындар игілігіне бағытталатынын атап өтті.

Бұдан кейін қала әкімі Кеңгірбай Смағұлов Сәтбаевтың биылғы тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын ұсынды. Есепті кезеңде бөлшек сауда көлемі 10 пайызға өскен. Өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылығы көрсеткіші 103 пайызды құрайды. Қалада 33 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, инвестиция көлемі 28,1 миллиард теңгеге артқан. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 33 миллиард теңгеге жеткізу көзделген.

Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдардың басым бөлігі күнделікті тұрмысқа тікелей қатысты сауалдар болды. Медициналық қызметтің сапасы, білім беру деңгейі, жылу жүйесі мен апатты үйлердің жағдайы көтерілді. Сондай-ақ жолдардың сапасы, көшелерді жарықтандыру, бейнебақылау камераларын орнату және қаланы көгалдандыру мәселелері де айтылды. Кездесуге тиісті басқармалар мен мекемелердің басшылары да қатысып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді Сұрақ 3929 видео: Жауап 3930 видео: 00-00-45 Жиыннан кейін Есет Байкен тұрғындарды жеке қабылдап, азаматтардың өтініш-тілектерін тыңдады. Көтерілген мәселелер назарға алынып, оларды шешу жолдары тиісті сала басшыларымен бірлесіп қарастырылмақ.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты