ЖЕЗҚАЗҒАНДА ДЗЮДОДАН ҚР ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

Облыс орталығында дзюдодан 23 жасқа дейінгі ер балалар мен қыздар арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды. Еліміздің 17 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласынан 400-ден астам спортшы жиналған дзюдо додасы біздің өңірде алғаш рет өтуде.
Жас дзюдошылар алты салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтауда. Төрт күнге жоспарланған чемпионатта спортшылар өздерінің физикалық дайындығын, әдіс-тәсілдерін және шеберліктерін сынға салуда. Спорттық дода облыс әкімі орынбасарының алғысөзімен ашылды...
«Спорт жанашырлары, бүгінгі қонақтарымыз, Ұлытау өңіріне қош келдіңіздер! 23 жасқа дейінгі ҚР чемпионатының ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! Дзюдо бұл ептілікті, шапшаңдықты, ыждахаттылықты, қайсар мінезді, рухты талап ететін спорт түрі. Барша спортшыларға сәттілік тілеймін!»
— Бақытжан Жайлаубаев, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары
Жезқазғанның республикалық деңгейдегі дзюдо чемпионатын алғаш рет қабылдауы – өңір спорты үшін айшықты оқиға. Чемпионат - жергілікті спорт инфрақұрылымының мүмкіндіктерін танытып қана қоймай, өңірде дзюдоның кеңінен насихатталуына да ықпал етпек. Сондай-ақ бұл – жергілікті жас спортшылар үшін тәжірибе жинақтап, кәсіби шеберлігін арттыруға берілген үлкен мүмкіндік.
«02777 00:38 Бұл Жезқазғанда ең бірінші рет, тұңғыш рет өтіп жатқан жарыс. Бұрын соңды дзюдодан чемпионат Қазақстан өтпеген біздің облыста. Сондықтан тарихи сәт деп айтсақ болады. Біздің облысымыздан 27 спортшы қатысып жатыр. 27-нің 18і ұлдар, 9-ы қыздар. Бәріне сәттілік тілейміз»
— Дархан Айтуар, облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры
Чемпионаттың алғашқы күнінде атой салғандардың бірі – Түркістан облысының намысын қорғаған дзюдошы Сымбат Тағай. Ол 48 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарынан басым түсіп, алтын медальға қол жеткізді.
«Мен Түркістан облысының спортшысымын. Бүгін 48 кг салмақ дәрежесінде чемпион болдым. Бірінші қарсыласым Жамбыл обл, екінші қарсыласым Қарағанды обл, үшінші қарсыласым Атырау обл, төртінші қарсыласым Шымкент қаласы. Ақтық сындағы белдескен қарсыласым Атырау обл қызы. Ақтық сын өте жақсы өтті. Өзіме сенімді болдым»
— Сымбат Тағай, ҚР чемпионы
Айта кетейік, турнир 5 қарашаға дейін жалғасады. Жарыс қорытындысында әр салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, үздіктер ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге мүмкіндік алады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


