Жаңалықтар

ЖЕЗҚАЗҒАНДА ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ САЛЫНАДЫ

ЖЕЗҚАЗҒАНДА ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ САЛЫНАДЫ

Облыс орталығында онкологиялық аурухананың құрылысы ресми бастауын алды. Аталған нысанның алғашқы іргетасын қалау рәсіміне өңір басшысы Есет Байкен, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, медицина саласының өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Жаңа нысан өңірдегі онкологиялық қызметтің мүмкіндігін кеңейтіп, мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттырмақ.

Жаңа медициналық кешен 2,6 гектар аумаққа орналасады. Жалпы ауданы шамамен 21 мың 980 шаршы метрді құрайтын ғимаратта 100 орындық стационар және ауысымына 250 адам қабылдайтын консультациялық-диагностикалық орталық болады.

Өңірде онкологиялық қызметті дамыту бағытында жұмыстар қазірдің өзінде қолға алынған. Кейінгі уақытта бейінді мамандар саны 3-тен 11-ге дейін көбейген. Ал тәулік бойы жұмыс істейтін төсек-орын қоры 20-дан 50-ге дейін ұлғайған. Жаңа орталық осы мүмкіндіктерді одан әрі кеңейтіп, заманауи емдеу әдістерін өңірде енгізуге жол ашады.

Жобада сәулелік терапияны тікелей өңірде жүргізу, онкохирургия мен заманауи диагностиканың мүмкіндіктерін кеңейту қарастырылған. Сонымен қатар интервенциялық онкология, химиотерапия және мамандандырылған оңалту қызметтері көрсетілмек. Осылайша науқастар диагностикадан бастап емделу мен кейінгі бақылауға дейінгі медициналық көмекті бір орталықтан ала алады.

Салтанатты шараның маңызды бөлігінде құрметті қонақтар болашақ медициналық кешеннің құрылыс алаңына арнайы капсула салды. Жаңа орталық өңірдегі денсаулық сақтау саласы мүмкіндіктерін кеңейтіп, тұрғындарға қажетті диагностикалық және емдеу қызметтерін жергілікті жерде алуға мүмкіндік бермек.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты