ОБЛЫС ӘКІМІ ҰЛЫТАУ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Облыс әкімі Есет Байкеннің халықпен кездесулері жалғасуда. Бұл жолы аймақ басшысы - Ұлытау ауданының тұрғындарымен жүздесті. Кездесуде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы және жергілік жұртшылық тарапынан көтерілген өзге де өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Биыл - Ұлытау ауданында бірқатар көлік жолын жаңғырту жобалары сәтті аяқталды. Атап айтар болсақ, Сарысу ауылына апаратын 21 шақырым жол толықтай асфальттанған. Қарсақбай кентінен теміржол станциясына дейінгі жол да жөнделді. Бұдан бөлек, Қарсақбай - Байқоңыр бағытындағы автомобиль жолының 45 шақырымы орташа жөндеуден өтті. Сондай-ақ, «Жезқазған - Арқалық - Петропавл» республикалық маңызы бар автожолының Ұлытау ауылынан Қостанай облысының шекарасына дейінгі бөлігіндегі жұмыстар да мәресіне жеткен. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасатын болады…
Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткішінде оң динамика сақталған. Кейінгі Тоғыз айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 9,1 миллиард теңгеден асып, ауыл шаруашылығы саласында 9,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Сонымен қатар, тұрғын үймен қамту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Биыл аудан орталығында медицина, білім, мәдениет және басқа да сала мамандарына арналған 10 пәтер пайдалануға берілді. Бұған дейін Жезді мен Қарсақпай кенттерінде қосымша 6 баспананың кілті табысталған. Құрылыс қарқыны да жоғары…
Ауыл шаруашылығын дамыту бағытында да бірқатар жоба қолға алынған. «Жайлау» бағдарламасы аясында екі шаруа қожалығы мал басын көбейтуге қаржы алып, жалпы 830 бас ірі қара жеткізген. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы соңғы үш жылда 156 жоба жүзеге асырылып, кәсіпкерлерге 1 миллиард 367 миллион теңгеден астам несие берілген. Кездесу соңында облыс әкімі тұрғындар көтерген мәселелер бойынша жауапты басшыларға тапсырмалар берді. Сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдап, өтініштерін тыңдады. Жоспарланған жобалардың орындалуы мен тұрғындар сауалдарының шешілуі бақылауда болатынын жеткізді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


