ӨҢІР ТЕАТРЫНДАҒЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ

Облыс әкімдігі мен «Қазақмыс Корпорациясы» арасындағы меморандум аясында қолға алынған - Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының музыкалық драма театры ғимаратына жасалып жатқан күрделі жөндеу аяқталуға жақын. Тарихи нысандағы жаңғырту жұмыстары бүгінде 70 пайызға орындалған...
Облыс театры – тек өнер ордасы емес, сондай-ақ Жезқазған қаласының басты мәдени брендінің бірі. Өткен ғасырдың 50 ші жылдары «Металлургтер мәдениет үйі» ретінде пайдалануға берілген ғимаратқа - 76 жылдық тарихында мұндай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген... «Шалғайдағы емес, маңдайдағы театр» атанған ұйымшыл ұжым мен оның көрермені үшін бұл, әрине, – айрықша қуаныш!!!
Жөндеу жұмыстары кезінде театр ғимаратының инженерлік жүйелері толықтай ауыстырылып, сахналық техника мен жиһаз жабдықтары да жаңартылмақ. Ішкі және сыртқы келбетіне эстетикалық ерекшеліктер енеді. Аталған ретте, әлеуметтік желіде – ғимарат қасбетінің түсіне байланысты түрлі пікірлер туындауда. Ал, театр өнерінің тарланы Досжан Жанботаев – «бұл түс театрдың өзіне тән өзгешілігін айғақтайды», - дейді.
Бір заманда «Жезқазған - Қазақстан театрының Меккесі» - деген парасатты пікір қалыптасқан. Жөндеуден кейін өнер ордасы – осы пікірді жаңғырту мақсатында еселі еңбекті әрі қарай тың серпінмен жалғастырмақ...
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


