Жаңалықтар

OPENJEZ ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУЛЕРІ ЖАЛҒАСУДА

OPENJEZ ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУЛЕРІ ЖАЛҒАСУДА

Жезқазғанда қала әкімінің тұрғындармен ашық кездесуіне арналған OpenJez жобасының кезекті басқосуы 2 ші шағын ауданда өтті. №4 мектепте ұйымдастырылған жиынға осы аумақтың тұрғындарымен қатар қаланың өзге шағын аудандарынан келген азаматтар да қатысып, өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды.

Жиында алдымен 2-шағын ауданда атқарылған абаттандыру жұмыстары мен алдағы жоспарлар сөз болды. Биыл Алашахан даңғылы, 25А мекенжайындағы футбол алаңы қалпына келтіріліп, бірнеше ауланы жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ Момышұлы көшесі, Алашахан және Бейбітшілік даңғылдарындағы бірқатар үйдің аулаішілік жолдары жөнделді. Ал келер жылы бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру көзделген. Бұдан бөлек, ойын алаңдарын кезең-кезеңімен жаңарту және жерасты қоқыс контейнерлері орналасқан аумақтарды абаттандыру жоспарлануда.

Тұрғындар да өздерін толғандырған мәселелерді назарға ұсынды. Атап айтқанда, қоғамдық көлік аялдамаларының жай-күйі, көпқабатты үйлердің жертөлелері мен қасбеттерін жөндеу, жылумен қамту, балалар ойын алаңдарын жаңарту және ағаштарды санитарлық кесу мәселелері көтерілді. Қала әкімі өтініштерді тыңдап, жауапты бөлім басшыларымен бірге оларды шешу жолдарын талқылады.

OpenJez жобасы аясындағы кездесулер ай сайын қаланың әр шағын ауданында өткізіледі. Мұндағы мақсат - тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, жергілікті жердегі түйткілдерді бірлесе талқылау және шешу жолдарын қарастыру. Жиын соңында қала әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Дереккөз: ULYTAU TV YouTube

Тақырыпқа қатысты