ОҚУШЫЛАР ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРДЫ

ЗаңМенТәртіп Бүгінгі оқушылар өз құқығын қаншалықты біледі? «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында қала мектептерінде «Заң қарапайым тілмен» атты құқықтық сабақтар ұйымдастырылып жатыр. Осындай кездесулердің бірі Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатта және №3 «Білім-инновация» лицейінде өтті. Онда оқушылардың құқықтары қарапайым түсінікті тілмен түсіндірілді..
Мектептегі буллинг. Өкінішке қарай, жастар арасында агрессия, буллинг, вандализм, әлімжеттік, ерте жүктілік сияқты жағымсыз жағдайлар әлі де өзекті болып отыр. Дәл осы тақырып бүгінгі құқықтық сабақтың негізгі өзегіне айналды. Тәртіп сақшылары буллингтің түрлері мен салдарын түсіндіріп, оның алдын алу жолдары туралы ақпарат берді. Дебат форматында қатысушылар «жақтаушы» және «даттаушы» топтарына бөлініп, тақырыпқа қатысты өз көзқарастарын қорғап, пікір алмасты. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының өкілдері оқушыларға сұрақтар қойып, олардың құқықтық сауаттылық деңгейін бағалады.
Сабақ барысында интернет-алаяқтық пен дропперлік схемалардың салдары, зорлық-зомбылықпен күресуге және есірткіні қолданудың салдарына баса назар аударылды. Оқушылар полиция қызметкерлеріне көптеген сұрақ қойып, тақырыпқа қызығушылық танытып, талқылауда белсенді болды.
Яғни, өз құқығын жақсы білетін адам кез келген қиын жағдайға төтеп беріп, өзін қорғай алады. Полиция қызметкерлері өткізген бұл құқықтық сабақ та осыны мақсат етеді. Айта кетейік, мұндай іс-шаралар өңірдің басқа да білім беру мекемелерінде жалғасады.
Дәл осындай кездесу №3 «Білім-инновация» лицейінде де ұйымдастырылды. Кездесуге жоғары сынып оқушылары қатысып, олармен ашық форматта әлеуметтік және құқықтық бағыттағы өзекті мәселелер талқыланды. Құқық қорғау органдарының ардагерлері баланың болашағы үшін есірткі, буллинг сияқты мәселелермен тиімді күресу мақсатында отбасы мен мектептің бірлескен жұмысы қажет екенін айтады. Сонда ғана елдің сапалы болашағына жол ашылмақ.
Іс-шара барысында «Тәрбие, әлде заң ба – қайсысы маңызды?» деген тақырыпта пікірталас өтті. Оқушылар талқылауға белсенді араласып, өз ойларын ортаға салып, жеке тәжірибелері мен н мысалдар арқылы көзқарастарын білдірлі.
Іс-шара қорытындысында ұйымдастырушылар мұндай пікір алмасу алаңдары жастардың құқықтық мәдениетін арттыруда маңызды рөл атқарады дейді. Сонымен қатар, алынған білімді бекіту мақсатында құқық қорғау органдары Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернат пен №3 «Білім-инновация» лицейі арасында дебат ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл сайыста оқушылар көтерілген тақырыптарды жалғастырып, өз ойларын дәлелдермен жеткізетін болады.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


