ҚАРАЖАЛДА ҚОҒАМ ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қаражал қаласында «Заң мен тәртіп - әділ қоғам негізі: қаржылық қауіпсіздік, жемқорлыққа қарсы мәдениет және есірткі қылмысына төзбеушілік» атты форум өтті. Ауқымды шараға мемлекеттік қызметшілер,құқық қорғау органдарының өкілдері, белсенді жастар мен қала тұрғындары қатысып,өзара пікір алмасты.
Форумның басты мақсаты - азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын құрметтеу мәдениетін қалыптастыру және заманауи қауіп-қатерлерге қарсы тұру қабілетін күшейту. Іс-шара барысында қала әкімі, өңірлік мемлекеттік органдар мен құқық қорғау саласының өкілдері сөз сөйлеп, қоғамдық тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Спикерлер әрбір азаматтың құқықтық мәдениеті -ел болашағының кепілі екенін атап өтті.
Форум аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, интернет-алаяқтық пен дропперлік схемалардың алдын алу, қаржылық қауіпсіздік негіздері, цифрлық гигиенаны сақтау, сондай-ақ есірткі қылмысына қарсы күрес мәселелері де жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар форум барысында интерактивті ойындар, автоматты бөлшектеу және жинау бойынша байқау ұйымдастырылып, патриоттық әндер орындалды. Сұрақ-жауап сессиясында жастар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Белсенді қатысушылар арнайы алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Сарапшылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық санасын қалыптастыруда, азаматтық жауапкершілікті арттыруда және қоғамдағы құқықтық тәртіпті нығайтуда маңызды рөл атқарады. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


