ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЭКСПЕДИЦИЯСЫНА 80 ЖЫЛ

Сарыарқаның сан ғасырлық тарихын зерделеп, археологиялық мұраны ғылыми айналымға енгізуге елеулі үлес қосқан Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясына - 80 жыл. Мерейлі белеске орай облыс орталығында еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар мен зерттеушілердің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды...
«Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының ғылыми табыстары мен таным сабақтастығы» тақырыбындағы ғылыми басқосу Ұлытау облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық тарихи-археологиялық музейдің ұйытқы болуымен өтті. Жиында экспедицияның отандық археология ғылымының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі сараланып, ғылыми жетістіктері мен алдағы ізденіс бағыттары талқыланды. Оның зерттеу аясы тас дәуірінен бастап қола және ерте темір дәуірлерін, ортағасырлық ескерткіштерді, ежелгі тау-кен ісі мен металлургияны қамтиды. Осы жылдардағы еңбектің нәтижесінде Орталық Қазақстанның бай тарихи мұрасын танытатын көптеген ескерткіш ғылыми айналымға енгізілген.
«3203 / Баршаңызды Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының 80 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. 1946 жылы Қазақстан ғылым академиясының тарих, археология және де этнография институтының базасында құрылған бұл экспедиция ұлт тарихын, дала тарихын зерттеуді тәуекелмен бастаған ғылыми жоба болды.Іргетасын академик Әлкей Марғұлан қалап, кейін әр жылдарда Мир Қадырбаев, Сержан Ахымжанов, Жолдасбек Құрманқұлов секілді қазақтың танымал ғалымдары басқарған бұл экспедиция тек Орталық Қазақстанда ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де зерттеу жұмыстарын жүргізген ауқымды ғылыми жобаға айналды»
— Бақытжан Жайлаубаев, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары
Пленарлық отырыста еліміздің жетекші ғылыми мекемелерінің өкілдері мен археолог-ғалымдар зерттеу нәтижелерін ортаға салды. Баяндамаларда Сарыарқаның археологиялық мұрасы, Ұлытау өңіріндегі қола дәуірі қоныстары, тас дәуірі ескерткіштері, ежелгі металлургия, сондай-ақ Жошы ұлысы мен Алтын Орда кезеңінің тарихи мұралары қамтылды.
Дөңгелек үстел аясында «Дала жадын жаңғыртқан экспедиция» атты ғылыми-танымдық кітаптың тұсауы кесілді. Аталған жинаққа экспедиция тарихына қатысты құнды естеліктер, ғылыми мақалалар мен сирек фотосуреттер топтастырылған.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


