«ҚЫС 2026» ОҚУ ЖАТТЫҒУ ЖИЫНЫ

Қыс мезгіліне төтеншеліктердің дайындығы қандай? Осы мәселелерді пысықтау үшін Жезқазғанда «Қыс-2026» дәстүрлі командалық штабтық оқу жаттығу жиыны өткізілді.
Аталған жиынға Жезқазған қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев арнайы қатысты. Оқу-жаттығуға Төтенше жағдайлар басқармасы мен полиция өкілдері және жедел жәрдем мен коммуналдық қызмет саласынан жалпы саны 13 азаматтық қорғау ұйымы мен 46 техника жұмылдырылды. Алғашқы кезеңде штабтық жұмыс пен жедел-тактикалық жоспарлауға басымдық берілді. Азаматтық қорғау қызметтерінің басшылары жеке құрам мен техниканың дайындығы туралы есеп беріп, төтенше жағдай кезінде атқарылатын жұмыстарды нақтылады.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қар құрсауында қалған азаматтарға көмек көрсету, зардап шеккендеге медициналық көмек ұйымдастыру, автомобиль жолдарын қардан тазарту және халықты қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету мәселелері қарастырылған. Сондықтан да аталған оқу-жаттығу барысында барлық төтенше жағдайларды қысқы кезеңдегі жою бойынша мүмкіндіктері жоғары деп есептейміз.
Қыс мезгілінде жиі кездесетін жағдайлардың бірі - көліктердің қар құрсауында қалып қоюы. Мұндай кезде құтқарушылар жолаушыларды қауіпсіз жерге жеткізіп, қажетті көмек көрсетеді. Осы мақсатта «KEN DALA» кафесінің аумағында орналасқан жылыту пунктінің дайындығы да тексерілді. Қала әкімі Мұрат Бөрібаев нысанды аралап, оның мүмкіндіктерімен танысты. Пункт бір мезетте 32 адамды қабылдауға арналған. Мұнда жолда қалған тұрғындар уақытша паналап, жылынып, тыныға алады.
Бұл оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – азаматтық қорғау қызметтерінің қысқы төтенше жағдайларға дайындығын тексеріп, өзара іс-қимылын және жәдел әрекет ету қабілеттігін пысықтау болады.
Оқу-жаттығу соңында жауапты мекемелердің дайындығы мен өзара іс-қимыл деңгейі бағаланып, алдағы жұмысқа қатысты ұсыныстар берілді.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


