СӘТБАЕВТА 10 000 БАУЫРСАҚ ТАРАТЫЛДЫ

Сәтбаев қаласында Наурыз мейрамын мерекелеудегі ерекше акция ұйымдастырылды. Қаладағы мемлекеттік қызметшілер тұрғындарға 10 000 бауырсақ үлестірді.
Бауырсақ тарату акциясы Наурыз мейрамының бұқаралық сипатта аталып өтуіне орайластырылған. Қала басшылығының игілікті идеясы – тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлады. Ал, ұйымдастырушылар бұл жоба арқылы халықтың бірлігі мен татулығын насихаттағымыз келді дейді.
«Бүгінгі ұлттық киім күні аясында ұйымдастырылып отырған бұл ісшараның мәні ерекше. Он мың бауырсақ пісіру жәй ғана аспаздық іс емес, халқымыздың терең тамырлы дәстүрінің көрінісі. Бауырсақ қазақ дастарханының ажырамас бөлігі. Қонақжайлылықтың, бірліктің, мерекенің символы болып саналады. Ерте заманда тойларда, мерекелерде бауырсақ дайындаған. Сондықтан да бүгінгі бастама халқымыздың құндылығын жаңғыртып, ортақ мәдениетіміздің мәнін насихаттауды көздеп отырмыз»
— Аттолқын Бегежанова, Сәтбаев қаласы әкімі аппаратының басшысы
Әкімдік қызметкерлері алаңда тігілген киіз үйде қамыр жайып, нан иледі. Аталған шараға 200 келі қамыр дайындалған. Қала тұрғындары ұлттық киім киіп, ұлттық тағам дайындаған мемлекеттік қызметшілердің бұл бастамасын жылы қабылдап, мерекенің рухын сезінгендерін айтты.
«Наурызнама» тұжырымдасындағы тағылымды әрі креативті шаралар әрі қарай да жалғаса бермек.
Дереккөз: ULYTAU TV YouTube


